Есімде бір,
Соңғы күні мамырдың...
Жүруші ек көшесінде ауылдың.
Бақытты сәт...
Сабақ біткен шақ еді,
Сол күндерді... Сағындым-ау, сағындым...
Көктем кетіп, жаз басталған арада,
Ел баласы,
Кететұғын қалаға.
Біз келеміз, әжемізді сағынып,
Ыстық самал, беттен сүйген далаға...
Иә, ауылдың жайқалған-ау талдары,
Тал астында отырған-ды шалдары.
Байқалатын күлімдеген жүздері,
(Жап-жақсы ед, сол заманда қалдары.)
Өтіп жатыр,
Кетіп жатыр қалай, кім?
Барлығы да басын бұрып қарайтын.
Кеш түскенде екі қолы артында,
Ойға батып үйлеріне тарайтын...
Ал біздер, о-о-о,
Ақ құрттарға тоймадық,
Жаңа піскен ақ сүтті де қоймадық...
(Қаламыздан келуші ек ағарып,)
Күн астында қарайғанша ойнадық.
Арбаменен
Суға барып келеміз,
Жарты жолда бүлдіргенді тереміз.
Қурайларды үзіп алып, сындырып,
Үлкендерге еліктейміз, шегеміз.
Күнге күйген бетіміз бен денеміз,
Артымызда садақпенен жебеміз.
Соғысамыз ағаш ұстап өзінше,
Соғысамыз - жеңілеміз, жеңеміз.
Ох, бір күні студенттер де қайтады,
Гитарамен өлеңдерін айтады.
Арасында жұдырығын жұмады,
Арағына тойып алған шайтаны...
Ал біздер, о-о-о,
Ойнымызға басамыз,
Шипырларға тас лақтырып қашамыз.
Үйден біреу бас көтеріп шыққанша,
Көшелерден көшелерге асамыз.
Тасқа толы, шаңға толы қалтамыз,
Қарын ашқан үйімізге тартамыз.
Сосын тойып төсектерге жатқан соң,
Ұйықтатпайды күнге күйген арқамыз.
Есімде бір...
(с) Бек Жылқыбаев